Жастар жарысы - Мектеп барысы
Биылғы жастар жылы аясында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде, ұлттық салт-дәстүрлердің, ұлттық ойындардың мән-мағынасын, дәрежесін көтеру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, қазақ күресін кеңінен насихаттау, балуандардың спорттық шеберліктерін арттыру және жаттықтырушының шеберлігін шыңдау мақсатында Біржан сал ауданы Макин орта мектебінде 2019-жылдың 15-қарашасында аудан тарихында алғаш рет мектепішілік қазақ күресінен "Мектеп барысы" турнирі өтті. Биылғы жылдан бастап мектебіміздің директор міндетін атқарушы Рахимжанов Толыбай Сапаровичтің бастамасымен аталмыш турнирді өткізу туралы ұсыныс жасалып, аудан көлемінде бірінші рет өткізіліп жатқандықтан, педагогикалық ұжым да үлкен жауаптылықпен қарады. Аудандық жастар қолдау орталығынан, жергілікті әкімшіліктен қонақтар шақырылды, сонымен қатар аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Ұлттық нақыштағы костюмдер киген ұл-қыздар қонақтарды қарсы алып, концерттік бағдарлама ұсынылды, мектептегі «Жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайына» экскурсия жүргізілді, шашу шашылып, би мен ән төгілді. Ауыл мешіті имамының көмекшісі Туребеков Е. Ж. құттықтау сөзімен бірге ақ батасын берсе, «орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, қазақтың қонақжайлылығы ұстанып, ағамызға шапан кигізілді.
Турнирге арнайы шақырылған қонақтар қазақ күресінің майталманы, аудан және облыс көлеміне аты танымал Сәуле орта мектебінің денешынықтыру мұғалімі Сәкен Мұхтарұлы, қазақтың спорт түрлеріне, күрестің дамуына үлесін қосып, оқушыларын жаттықтырушы Невский орта мектебінің денешынықтыру мұғалімі Нәби Берікұлы Бұланды орта мектебінің денешынықтыру мұғалімі Ершат Есенұлы төрешілік жасап, қатысушылардың қазақ күресінің ережелерін ұстануын, техника түрлерін қаншалықты дұрыс қолданғандығын бағалады. Мектебімізде «Қазақ күресіне үйрету» үйірмесін 3 жылдан бері денешынықтыру мұғалімі, жас маман Хуаныш Асылмұрат жетекшілік еткендіктен, тұрақты жаттығушы 26 оқушы бар, олар күрестің қыр-сырымен, ережелерімен, техника түрлерімен толықтай таныс.
Жарыстың шарты бойынша, аталмыш турнирге 38 кг, 51 кг, 64 кг салмағындағы ұлдар қатысты. Мектеп спортзалына жиналған ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар, қонақтар әрбір қатысушыға демеу беріп, ду қол шапалақтап, қолдап отырды. Күрес барысында оқушылардың шалып лақтыру, қағып лақтыру,арқадан асырып лақтыру, т.б. техника түрлерін қолданғандығын тамашаладық.
Жарыстың нәтижесінде 38 кг салмағында:
1-орын: "МЕКТЕП БАРЫСЫ" - 5-сын.оқушысы Уланов Расул
2-орын: 6-сын.оқушысы Кенжебек Рамазан
3-орын: 5-сын.оқушысы Ержанұлы Ерасыл
51 кг салмағында:
1-орын: "МЕКТЕП БАРЫСЫ" - 9-сын.оқушысы Лазарев Олег
2-орын: 10-сын.оқушысы Қадырбай Жетен
3-орын: 9-сын.оқушылары Батов Вячеслав, Глинов Стас
64 кг салмағында:
1-орын: "МЕКТЕП БАРЫСЫ" 10-сын.оқушысы Қасымов Абылай
2-орын: 9-сын.оқушысы Юлих Давид
3-орын: 9-сын.оқушысы Пак Анатолий, 10-сын.оқушысы Горн Владимир иеленді.
5-сынып оқушысы Ержанұлы Ерасыл жүлделі орынға ие болмаса да, жаттықтырушылардың көңілінен шықты. Болашақта қазақ күресін дамытуға зор үлесін қосып, жаттығып, ережелері мен техникаларын тыңғылықты меңгеріп алса, жақсы бір палуан болуына сенім білдірді.
Аудандық жастар орталығының директоры Медет Кәрібайұлы қатысушыларды медальдар мен дипломдармен қамтамасыз етті. Жүлделі 1-орынға ие болған оқушыларға мектеп мұғалімдерінің қолынан ойылып жасалған «Мектеп барысы» белдігі тағылды. Ауыл әкімінің м.а. Д.А.Езов, жергілікті маслихат депутаты Е.М.Қазыбаев, басқа да қонақтар турнирдің өткізілу деңгейі туралы пікірлерімен бөлісіп, біршама тілектерін білдірді. Мектеп директорының м.а. Т.С. Рахимжанов ұлттық ойындарымыздың дамуына үлес қосушы, күрес жанашырларына, келген қонақтарға мектеп ұжымының атынан алғыс білдіріп, мадақтамалар ұсынды. Болашақта мектебімізде қазақ күресін жандандыру, ұлттық ойындарды дамыту мақсатында, осы жарыстар дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұратындығы хабарланды. «Тәрбие басы-тал бесік» демекші, балаларымызды ес біліп, қоршаған ортамен танысу кезеңінен бастап, ұлттық ойындарға, ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке баулып, жан-дүниесінің рухани бай болуына септігімізді тигізіп, қазақтың байтақ кең даласында шалқиып жүрген барысы іспеттес, бостандықта өмір сүруіне бағыттаушы Біз, ата - аналар. Сондықтан осындай патриоттық бағыттағы іс-шаралар дамып, балаларымызды Отансүйгіштікке баули берсін демекпін.