Тәуелсіздік дәуірі
«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық
жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады».
Н.Ә.Назарбаев.
Осы жолдармен Елбасымыз өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты авторлық кітабының мазмұнын баяндап берді.Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.
Жаңа туындыда тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдарымен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады: «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.
Кітаптың әр бөлімі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың да атауларына зор мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты суреттелген. Олар: «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз - бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», және т.б. бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шүгесіне дейін баяндалады.
«Тәуелсіздік дәуірі» отандық және шетелдік қалың оқырман қауымды қызықтырар туынды.Сондықтан өзін патриотпын деп санайтын әр Қазақстандық осы кітаппен танысып, еліне деген жанашырлығын таныту керек деп ойлаймын.